АҚШ-та бір адамның белгісіз вирусты жұқтырғаны анықталды
https://www.azattyq.org/a/30390396.html

АҚШ-та бір адамның белгісіз вирусты жұқтырғаны анықталды. Бұл - АҚШ-та тіркелген бірінші оқиға. Науқас өткен аптада Қытайдан Сиэтлге ұшып келген. Дәрігерлер оның пневмонияға шалдыққанын айтып отыр. Арнайы сынақ ауруға шалдығуға жаңа короновирус себепші болғанын дәлелдеді. 


Американың ауруды бақылау және профилактика орталығы жақын арада осыған ұқсас оқиғалар қайталануы мүмкін екенін ескертті. 18 қаңтардан бері АҚШ-тың Сан-Франциско, Лос-Анжелес және Нью-Йорк қалаларының әуежайлары Қытай орталығынан келетін әуе рейстерінің жолаушыларын тексеруді бастады.


Ресми дерек бойынша, Қытайда белгісіз вирустан алты адам көз жұмған. Белгісіз дертке шалдыққандар саны 300-ге жеткен. Қытайда осы аурудан қайтыс болғандар мен науқастардың туыстары мен халықаралық сарапшы дәрігерлер сөзіне сүйенген The Guardian басылымы белгісіз вирустан зардап шеккендер саны ресми мәліметтегіден әлдеқайда көп болуы мүмкін деп болжайды. 


Вирустың қандай жолмен жұғатыны әзірге анықталмаған. Сарапшылардың сөзінше, вирус адамға жануарлардан жұғуы мүмкін, адамнан адамға жұғу мүмкіндігі де жоққа шығарылмайды. 19 қаңтарға дейін Ухань қаласында 198 адам ауырып, үш адам өлген. Тайландта бір, Жапонияда бір адамның вирус жұқтырғаны жайлы ақпарат тарады.


Әдетте короновирус пневмонияны қоздырады. Ауруды жеңілдететін әдістер болғанмен вирустың көзін жоятын амал табылған жоқ. Бұған дейін бұл дертке шалдыққан ондаған адам аурудан айығып, ауруханадан шыққан. 


22 қаңтарда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вирустың таралу мәселесін талқылайды.


Оқи отырыңыз: Қытай 140 адамның белгісіз вирус жұқтырғанын хабарлады

22.01.2020 Комментарии Telegram

"Бізге бөлген үйді басқаға берді". Шымкенттік салымшылар билікке наразы
https://www.azattyq.org/a/kazakhstan-shymkent-nurly-zher-mortgage-depositors-claims-to-local-authorities/30389765.html

Шымкентте бір топ тұрғын "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында алмақшы болған көппәтерлі жаңа үйді басқа адамдарға берген жергілікті билікке наразы. Президент тапсырмасын орындап, үйді көп балалы отбасылар мен жастарға бергенін айтқан әкімдік әлі салынып бітпеген басқа үйді ұсынады. Наразылардың көбі оған келіспейді.

22.01.2020 Комментарии Telegram

"Қазақмыстағы" жанжалдан бір адам суицид жасап, екі адам жараланды
https://www.azattyq.org/a/30389921.html

Қарағанды облысы Жезқазған қаласындағы "Қазақмыс" корпорациясы кеңсесінде жанжал шығып, бір адам суицид жасағаны, екі адам пышақ жарақатымен ауруханаға түскені хабарланды. Аймақтағы полиция департаментінің дерегінше, 21 қаңтарда тау-кен байыту комбинаты директорының кабинетінде "жанжал" болып, соңы қайғымен аяқталған.


"Қазақмыс корпорациясы" қауымдастығы кәсіподағының жетекшісі [Тоғызбай] Тажбенов жанжал кезінде [тау-кен байыту комбинаты директоры Амангелді] Минигуловты және "Қазақмыс корпорациясы" компаниясының маманы [Сабыржан] Тембаевқа пышақ салған. Куәгелердің сөзінше, кейін Тажбенов өз кеудесіне пышақ сұғып, сол жерде көз жұмған. Минигулов пен Тембаев ауруханаға жатқызылған. Қазір осы іс бойынша іс қозғалды" деп хабарлады Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.


Полицияның хабарлауынша, оқиға 18.20 шамасында болған. Желіде тараған видеода компания кеңсесін полиция қоршауға алғаны, жедел жәрдем көліктері тұрғаны көрінген. Азаттық тілшісіне куәгерлер "Қазақмыс" кеңсесі маңында оқ атылған дауыс естілгенін айтты. Полиция оқ атылғанын жоққа шығарған жоқ я растамады.


Жанжалға не себеп болғаны белгісіз.


"Қазақмыс корпорациясы" қауымдастығы құрамына "Жезказғанцветмет", "Балқашцветмет", "Қарағандыцветмет" және бірнеше байыту фабрикасы кіреді.


Қауымдастық мыс, алтын, күміс және қорғаныс өндіреді. "Қазақмысқа" Forbes тізіміндегі қазақстандық Владимир Ким иелік етеді. Америкалық журнал оның байлығын 4,6 миллиард доллар деп есептеген.

22.01.2020 Комментарии Telegram

БҚО полиция департаменті блогерді сотқа берді
https://www.azattyq.org/a/30389716.html

Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті оралдық блогер Айболат Бөкеновтің үстінен сотқа шағым түсірді. Блогер бұған дейін полиция қызметкерлері жасаған жол апаттарын бірнеше рет әлеуметтік желіге жариялаған.


Бөкеновке «№2 қалалық сотқа жауапкер ретінде шақырған» SMS хабарлама келген. Шағым 22 қаңтарда қаралады.


Полиция департаменті шағым Азаматтық кодекстің «Ар-намысты, қадiр-қасиеттi және iскерлiк беделдi қорғау» бабы (143-бап) бойынша берген. Департамент блогердің қазақстандық телеарна эфирінен көрсетілген сөзімен келіспейді және «облыстық полиция департаменті мен қызметкерлерінің ар-намысын кемсітіп, беделіне нұқсан келтірді» деп санайды. 


- Бөкенов «былтыр полиция қызметкерлері 92 рет заң бұзғанын анықтадым, оған полиция департаменті бастығы Әбіләзімов шара қолданған жоқ» деп мәлімдеген. БАҚ арқылы жарияланған ақпарат шындыққа жанаспайды. Азаматтардан түскен өтініштер арасында 2019 жылы Бөкеновтен департамент жетекшісінің атына бір жазбаша және бір рет ауызша өтініш түскен. Көрсетілген жағдай қоғамдық резонанс тудырды, – деп хабарлады ПД баспасөз хатшысы Болатбек Белгібеков.


Бөкенов арызбен келіспейді. Ол «департамент бастығы Мақсұтхан Әбіләзімов маған кедергі келтіруге тырысып жатыр, заң бұзушылықтарды жиі түсіруім полицейлерге ұнамайды» дейді.


– 2018 жылы полиция бастығымен әңгімелесіп, мен жол қозғалысы ережесі немесе заң бұзған оқиғаларды телефон камерасына түсіріп, полицияға беріп отыруға келіскенбіз. Бір жылда 92 видео түсіріп, арыз-шағым қабылдайды деп берген нөмірге жолдағанмын. Енді олар ондай ештеңе болған жоқ, видео жібермеді деп менен видеолардың көшірмесін сұрап жатыр. Ал ол видеолар менде сақталған жоқ, – дейді Айболат Бөкенов.


Бөкенов Оралда соңғы айларда полицейлердің жол ережесін бұзған сәттерін интернетке жариялап отырған. 18 қарашада патруль көлігі бойжеткенді қағып кеткенде блогер түсірілім жасаған және «полиция қызметкеріне бағынбады» деп айыпталған. Апат болған жерді түсіріп жүрген Бөкенов оқиға орнына барған БҚО полиция департаментінің басшысы Мақсұтхан Әбіләзімовтен қарамағындағы қызметкердің қызметтік көлікпен бағдаршам тұрған адам қағуын түсіндіруді сұраған. 5 желтоқсанда әкімшілік сот Бөкеновке ескерту жасаған.

21.01.2020 Комментарии Telegram