Бішкекте конституцияны өзгертуге қарсылық шеруі өтті
https://www.azattyq.org/a/30962923.html

22 қараша күні Қырғызстан астанасы Бішкекте азаматтар бейбіт шеруге шығып, ел конституциясын өзгерту бойынша референдум өткізуге қарсылық білдірді.


Шерушілер түске таман қала орталығындағы теміржол вокзалы ғимаратының алдына жиналып, Эркиндик даңғылымен жүріп өтті де, кейін "Ала-Тоо" алаңына барып тоқтады. Акция қатысушылары "Ханституцияға жол жоқ!", "Ханституция өтпейді", "Конституция жилет ауыстыру емес" деген секілді жазуы бар плакат ұстап шықты.


Жиналғандар арасында құқық қорғаушылар, Жогорку Кеңештің қазіргі және бұрынғы депутаттары және қоғам қайраткерлері болды. Азаттық радиосы Қырғыз қызметінің тілшісі акцияға шамамен 500 адамның қатысқанын хабарлады.


17 қараша күні ел парламенті – Жогорку Кеңеш ата заңның жаңа жобасын қоғамдық талқыға шығарды. 80 депутат конституцияға өзгеріс енгізу бойынша референдум тағайындау туралы заңға бастама көтерді. Бірақ заң жобасының авторы әлі белгісіз.


Конституцияның жаңа жобасында президенттің құзыреттері кеңейіп, мемлекеттік басқаруға халық құрылтайы институты енгізілген. Президент мемлекет басшысы болып, атқарушы билікті басқарады, елдің ішкі және сыртқы саясатын анықтайды. Ол бес жылдық екі мерзімге сайлана алады, үкіметтің құрылымы мен құрамын анықтайды. Жаңа жоба бойынша, парламент депутаттарының саны 120-дан 90-ға қысқарады.




 

22.11.2020 Telegram