"Грузия арманы" парламент сайлауының 2-кезеңінде барлық 17 округта жеңіске жетті
https://www.azattyq.org/a/30962984.html

Грузияда 21 қараша күні парламент сайлауының екінші кезеңі өткен барлық 17 округта билік партиясы "Грузия арманы" үлкен басымдықпен жеңіске жетті. Сайлаудың Грузия орталық сайлау комиссиясы (ОСК) сайтында жарияланған алдын ала нәтижелері осыны көрсетеді.


Азаттықтың Грузин қызметі хабарлағандай, "Грузия арманы" екінші кезеңге түскен жалғыз дерлік партия болған. Оның қарсыластары 21 қарашадағы сайлауға бойкот жариялаған. Сайлау бюллетеньдеріне екінші кезеңге өткен оппозиция кандидаттарының аты-жөні формалды түрде жазылды. Оппозиция сайлауды "фарс" деп атап, жақтастарын дауыс бермеуге шақырды.


21 қараша күні дауыс беруге 2,1 миллион азамат құқылы болды. Олар үшін 2 мың учаске жұмыс істеді. Барлығы 562 664 сайлаушы (дауыс беруге құқылы азаматтардың 26,29 пайызы) дауыс берді.


Екі кезеңнің қорытындысы бойынша, "Грузия арманы" партиясы парламенттің 10-шақырылымында 150 мандаттың 90-ын иеленбек. Қалған 60 мандат 8 оппозициялық партияның арасында үлестіріледі. Олар: сайлауға "Күш бірлікте" коалициясымен бірге түскен "Бірыңғай ұлттық қозғалыс" партиясы, "Еуропалық Грузия", "Лело Грузия үшін", "Патриоттар альянсы", "Агмашенебели стратегиясы", "Гирчи", "Азаматтар" және Лейбористік партия.



Оппозиция 31 қазанда өткен бірінші кезеңнің нәтижесін легитимді емес деп танып, жаппай құқықбұзушылық пен бұрмалаудың болғанын мәлімдеді. Заң шығарушы органның 10-шақырылымына мандат алған барлық 8 оппозициялық партия мандатынан бас тартты. Кейінгі үш аптада Грузияның бірнеше қаласында жүйелі түрде жаңа сайлауды талап еткен ірі қарсылық акциялары өтіп келді.
Оппозицияның сайлау нәтижесін мойындамауы саяси дағдарысқа әкелді. Осыдан кейін парламентке өткен партиялар Еуроодақ пен АҚШ елшілерінің қатысуымен келіссөзге отырды. Екі кезеңнен тұрған келіссөз жиынында компромиске келу мүмкін болмады. "Грузия арманы" партиясы мен оның қарсыластары өз ұстанымдарынан тайынбады. Билік кезектен тыс сайлау өткізуден бас тартты, оппозиция парламент жұмысына қатыспайтынын мәлімдеді.

22.11.2020 Telegram